ZhasАtyrau - молодежный портал города Атырау

Жыл соңында Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа жүйесі іске қосылады

Просмотров - 221
13.12.2018

Қазақстанда тегін дәрі-дәрмек беру барысын бақылаудың жаңа түрі пайда болмақ. Ағымдағы жылдың соңында іске қосылатын бұл жоба кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу процесін жетілдіруді көздейді.

«2018 жылдың басында Медициналық сақтандыру қоры кепілдендірілген тегін көмек пакеті шеңберінде берілетін дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарына ақы төлеу тәртібін өзгертті. Яғни, бұрын дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдар ақысы дәрігер жазған рецепт бойынша төленіп келген болса, биылдан бастап дәрі қолма-қол берілген рецептілерге ғана төленеді. Атап айтқанда, емделушілер дәріні алған кезде тиісті құжаттарға қол қояды. Содан кейін төлем туралы мәлімет «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету» ақпараттық жүйесіне енгізіледі.   Ендігі кезеңде бақылау жүйесіне емделушілердің өздерін тарту көзделген. Биылғы жылдың соңынан бастап  «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ осы жүйені нобайлы (пилотты) жоба ретінде іске қосып отыр», — деп түсіндірді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынының Атырау облысы бойынша филиалы директоры Байтолла Ғазизов.

Дәлірек айтсақ, Денсаулық сақтау министрлігі, МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС бірлесіп SMS-хабарлама жүйесін іске қосты. Жоба шеңберінде пациенттерге 12 желтоқсаннан 2018 жылдың соңына дейін SMS-хабарлама жіберу көзделген. Хабарлама биылғы қараша-желтоқсан айларында тегін дәрі-дәрмек алғандар тізіміне енген пациенттерге жіберіледі. Жоспар бойынша, хабарлама рецептілерде көрсетілген 3 млн нөмірге түсуі тиіс.

Хабарламада дәрі-дәрмектің берілген күні мен атауы көрсетіледі. Егер пациент препараттарды алмаған болса, SMS-хабарламаға жауап ретінде «0» цифрын жолдайды немесе «СК-Фармация» ЖШС-нің 1439 байланыс нөміріне қоңырау шалуға болады.

«Әлбетте, емделушілердің амбулаторлық карталарында көрсетілген телефон нөмірлері қате болуы мүмкін. Сол себепті SMS-хабарламаны бәріне бірдей барады деп айту қиын. Сондықтан да «СК-Фармацияның» байланыс орталығына хабарласып шағымдануға болатынын еске салғымыз келеді», — деді Б. Ғазизов.

Алынған мәліметтер сарапталып, әр факті «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ арқылы жеке-жеке тексеріледі. Анықталған заң бұзушылықтар ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау комитетіне жолданады.

Хабарлама нәтижесі мен ақпараттық жүйедегі мәліметтер арасында айтарлықтай алшақтық табылып жатса, жоба мерзімі ұзартылады. Сонымен қатар, болашақта ол кепілдендірілген тегін медициналық көмек шеңберінде көрсетілетін өзге де қызметтерге қолданылуы мүмкін.

МСҚ республикалық бюджеттен қаржыландырылатын тегін медициналық көмек (ТМКК) пакетінің және жұмыс берушілер, азаматтар мен мемлекет жарнасы есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакетінің операторы. ТМККК пакеті шеңберінде көрсетілген қызмет ақысын биылғы жылдың басынан бастап Қор төлеп келеді. Ал, МӘМС пакеті бойынша қызмет көрсету 2020 жылы басталмақ.

Дәрі-дәрмек пен медициналық мақсаттағы бұйымдарды «СК-Фармация» ЖШС сатып алады (МСҚ-мен арадағы келісімшарттан түскен қаржы есебінен). «СК-Фармация» дәрі мен медициналық бұйымдарды келісімшарт бекіткен медицина ұйымдарынан түскен өтініштер негізінде сатып алады.

2018 жылы МСҚ мен «СК-Фармация» ЖШС арасында 101,9 млрд теңгеге келісім — шарт бекітілген болатын. Биылғы жылдың 5 желтоқсанына дейін елдегі медицина ұйымдары 79 млрд теңгеге рецепт жазып берген. Соның ішінде, 73,1 млрд теңгенің дәрісі емделушілер қолына тиген.

 

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ

Атырау облысы бойынша филиалы

+ 7 7122 956936

Расскажи друзьям
Читай так же